Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) орта салмақтағы WBC ұйымының уақытша чемпионы атағы үшін америкалық Хесус Рамоспен (24-1, 19 KO) өтетін жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Олардың кездесуі 19 қыркүйекте АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласындағы Pechanga Arena кешенінде өтеді. Бұл жекпе-жек бокс кешінің басты оқиғасының бірі болмақ.
"Алдағы жекпе-жек – мен тағатсыздана күткен сәт. Осы мүмкіндікке жету үшін көп сабыр сақтап, тынымсыз еңбек еттім. Енді сөз емес, істің уақыты келді. Мен толық дайынмын және барымды саламын. Бар назарым осы айқаста, жеңіске деген жігерім биік және жеңісті ғана қалаймын ", – деді Нұрсұлтанов.
Өз кезегінде Рамос бұл кездесуге ерекше ынтамен дайындалып жатқанын және қарсыласын жақсы білетінін айтты.
"Рингке қайта оралатыныма өте қуаныштымын және титул алғаш рет қорғауға жігерім ерек. Қарсыласымның өте тәжірибелі екенін жақсы білемін және осы мүмкіндікті көптен күттім. Ол – жеңіске аш боксшы әрі өте қауіпті қарсылас. Сондықтан 19 қыркүйекте оны нақ бабында көреміз деп ойлаймын", – деді америкалық боксшы.
Айта кетейік, кештің басты жекпе-жегінде WBC тұжырымы бойынша бірінші жартылай орта салмақта уақытша чемпион атағы сарапқа салынады. Бұл белбеу үшін Айзек Крус (28-3-2, 18 KO) пен Нестор Браво (28-3-2, 18 KO) қолғап түйістіреді.
Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет 2023 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында шаршы алаңға көтеріліп, чилилік Хулио Аламосты (16-3, 9 KO) төрешілердің ортақ шешімімен жеңген болатын.
Ал Хесус Рамос соңғы жекпе-жегін былтыр желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өткізіп, отандасы Шейн Мозлиді (23-5, 13 KO) төрешілердің ортақ шешімімен жеңді.