WBC және WBA абсолют чемпион титулы үшін Руис - Уайлдер жекпе-жегін өткізуге келісті

© Sportbox
WBC (Бүкіләлемдік бокс кеңесі) президенті Маурисио Сулейман және WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы) басшысы Хилберто Мендоса аса ауыр салмақта абсолют атағы үшін WBC титулына ие Деонтей Уайлдер мен WBA, IBF, WBO және IBO чемпионы Энди Руис арасында жекпе-жек өткізуге дайын екендерін жеткізді.

Sports.ru басылымының мәліметінше, функционерлер Мехикода кездесу өткізіп, ары қарайғы серіктестікті талқылады.

"Бұл жекпе-жек өту керек. Ол үшін екі боксшы да алдағы міндеттерін орындау қажет. Руис - ауыр салмақтағы бірінші мексикалық чемпион. Ол нағыз жауынгер. Әрине ол WBC белбеуін де қалайды.

WBA және WBC үнемі серіктес болған ұйымдар. Біз боксты жақсартқымыз келеді", - дейді Мендоса.

Еске салайық, Уайлдер күзде Луис Ортиспен қарымта өткізуі тиіс. Ал Руис британиялық Энтони Джошуамен екінші жекпе-жек өткізуі міндет. Жекпе-жек жыл соңында болуы мүмкін.