Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) алдағы World Boxing президентін сайлау қарсаңында қазақстандық Геннадий Головкинге сөзсіз қолдау білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еске салайық, 24 қазанда Қарағанды тумасы спорт ұйымының президенті қызметіне ресми түрде өз кандидатурасын ұсынған болатын. Головкин өзінің басты мақсатының бірі - олимпиадалық боксты сақтау екенін мәлімдеді.
"Біз World Boxing ұйымының жұмысына атсалысып жүрген барлық жандарды Олимпиада ойындарындағы спорттың болашағын қорғауға қосқан еңбектері үшін шын жүректен құттықтаймыз. Геннадий Головкин сынды аңыз тұлғаның бұл іске көшбасшы ретінде қатысуы - адалдық пен жауапкершіліктің айқын белгісі. WBC World Boxing ұйымына, оның президенті Борис ван дер Ворстқа толық қолдау көрсетеді және GGG-ді оның батыл шешімімен құттықтайды", - делінген WBC-дің ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы 2016–2018 жылдары орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған. 2017 жылы ол Кеңес тарапынан жылдың ең үздік боксшысы атанған еді.
Сонымен қатар, Геннадий Головкин қазіргі таңда халықаралық World Boxing ұйымындағы Олимпиадалық комиссияны басқарады және Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарады.
Жарнама