Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) пен WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы доминиканалық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) арасындағы жекпе-жекке қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Vesti.kz.
2025 жылдың қаңтар айында Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Адаместің командасына Нұрсұлтановпен міндетті титул қорғауы керектігі туралы ресми түрде ескерту жасаған болатын. Алайда ақпан айының соңында Адамес британиядлық Хамза Ширазбен (21-0, 17 KO) жекпе-жек өткізіп, тең нәтижемен чемпиондық белбеуін сақтап қалды.
Осыдан кейін WBC ұйымы Нұрсұлтановпен жекпе-жекті өткізу туралы нақты шешім қабылдады. Қос тарапқа келісімге келу үшін 6 мамырға дейін уақыт берілген. Аталған күнге дейін келісімшартқа қол қойылмағанымен, кеше өтуі тиіс болған промоутерлік аукцион тоқтатылды.
vRINGe порталының хабарлауынша, WBC келіссөздердің оң қарқын алғанын ескеріп, тараптарға қосымша уақыт беруге шешім қабылдаған. Ұйым жекпе-жекті промоутерлік саудасыз ұйымдастыру мүмкін деп есептейді.
Бұл тартысты жекпе-жек жаз мезгілінде Premier Boxing Champions аясында өтетін ірі бокс кештерінің бірінде болады деген болжам бар.
Жарнама