Орта салмақтағы WBC чемпионы Карлос Адамес (25-1-1, 18 КО) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 КО) тағы да жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Адамес Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуді талап етті
Доминиканалық чемпион әлеуметтік желіде Әлімханұлымен кездескісі келетінін айтып, қазақстандық боксшыны нокаутқа түсіруге уәде беріп отыр.
"Егер Құдай маған өмірімде бір ғана жекпе-жек таңдауға мүмкіндік берсе, еш күмәнсіз, бұл алаяқ Жәнібекке қарсы жекпе-жек болар еді. Оның қай жерде немесе қашан өтетініне бәрібір. Мен ол сүмелекті нокаутқа түсіретінімді дәлелдеуім керек", - деп жазды Адамес әлеуметтік желіде.
Әлімханұлы мен Адаместің жекпе-жегі бірнеше рет өтпей қалған
Әлімханұлы мен Адамес арасындағы текетірестің тарихы ұзақ. Қазақстандық боксшы орта салмақта өнер көрсетіп жүрген кезде доминиканалықты бірнеше рет титул біріктіретін жекпе-жегіне шақырған. Алайда тараптар кездесуді ұйымдастыру жөнінде келісімге келе алмады.
Боксшылардың командалары 2025 жылдың күзінде жекпе-жекті өткізуге келіскендей болды. Кездесуді Сауд Арабиясының белгілі инвесторы Турки Әл аш-Шейх ұйымдастырмақ болған. Алайда Адамес соңында жекпе-жектен бас тартты. Бұл туралы саудиялық инвестор келіссөз сәтсіз аяқталғаннан кейін ашық мәлімдеді.
Әлімханұлы салмақ дәрежесін ауыстырды
Содан бері қазақстандық боксшының жағдайы өзгерді. Допингке байланысты дисквалификациясы аяқталғаннан кейін Әлімханұлы орта салмақтағы WBO белбеуінен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысты.
Бұған дейін Жәнібек орта салмақта WBO және IBF чемпионы болған. Қазір қазақстандық боксшы карьерасын жаңа салмақ дәрежесінде жалғастырып жатыр, ал Адамес орта салмақтағы WBC чемпионы атағын сақтап отыр.
Жарнама