Бокс
19 сәуір 2021 15:47

WBA белбеуінің иегері келесі жекпе-жегін Қазақстанда өткізуі мүмкін

Жан Кособуцкий. Фото: Shamo Boxing Promotions©

Қазақстандық кәсіпқой-боксшы Жан Кособуцкийдің (15-0, 14 КО) шаршы алаңға қайта оралу уақыты өзгерді. Жоспар бойынша оның келесі жекпе-жегі аладғы мамырда өту керек болатын, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Оның келесі кездесуі Қазақстанда өтуі де ықтимал.  

Жуырда ғана Ұлыбританиялық компаниямен келісімшарт жасаған Кособуцкий, кездесуін маусымда, тіпті одан да кеш өткізуі мүмкін. Жекпе-жектің өтетін орны мен қарсылас әлі белгісіз. Алайда спортшы келісімшарт аясында кездесуді өз отанында, яғни, Қазақстанда өткізуге қарсы емес.

Әуесқойлар арасындағы Қазақстанның үш дүркін чемпионы ақпан айында жеңіп алған WBA International титулын қорғауы мүмкін. Гамбургта өткен бокс кешінің төртінші раундында ол нигериялық Онориоде Евариемені (18-2, 17 КО) нокаутпен жеңген болатын. Бұл жеңісі тиісінше Кособуцкийдің WBA бойынша деңгейін көтерген еді.

Естеріңізге сала кетейік, WBA белбеуі 32 жастағы спортшы үшін кәсіби мансабындағы екіншісі болды. 2019 жыл соңында Кособуцкий хорватиялық Агрон Смакичиді (15-1, 13 КО) нокаутпен жеңіп, бос тұрған IBO Inter-Continental титулына ие болған еді.