Бокстан Қазақстанның алғашқы Олимпиада чемпионы Василий Жиров "Бірінші бол" Youtube арнасына берген сұхбатында Геннадий Головкинмен қарым-қатынасы жайлы сұраққа жауап бере кетті, деп жазады msports.kz сайты.
"Достық қарым-қатынастамыз. Біз онымен кездестік, өте жақсы әңгіме болды. Байланысымыз жақсы, бірақ ары қарай жылжып жатқан жоқ. Жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймын. Адам ретінде жақсы. Ары қарай қалай бағыт алатынымыз жайлы бірдеңе деу қиын", – дейді боксшы.
Сондай-ақ "Балқаш барысы" қазіргі қазақстандық боксшыларға не жетіспейтінін де айта кетті.
«Ол үшін арнайы жаттығулар бар. Қалай жаттығу жасағанымды көрсете аламын. Кәсіпқой боксқа бет бұрғанда маған бірнеше әдісті көрсетті, жаттығу кезінде соларды әлі күнге дейін қолданамын. Айтып, көрсету керек десе, мен дайынмын. Бірақ мұндай жаттығулар бәріне бірдей келеді деп айту қиын, көбісі залдан қашып кетіп, мүлде оралмауы мүмкін. Себебі ондай жаттығуларға жұрттың бәрі эмоционалдық тұрғыда дайын бола бермейді. «Физика» белгілі бір деңгейге жеткен соң аяқталады, ал эмоция адамды алға жетелейді», – дейді ардагер боксшы.