Америкалық танымал бокс журналисі әрі сарапшы Стив Ким екінші орта салмақта жаңа абсолют чемпион атанған америкалық Теренс Кроуфордтың (42-0, 31 КО) болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
14 қыркүйекке қараған түні Лас-Вегаста (АҚШ) Кроуфорд бірден екі салмақ дәрежесіне көтеріліп, мексикалық Сауль Канело Альварестен (63-3-2, 39 КО) абсолют атағын тартып алды. Осылайша, Теренс тарихта үш салмақта абсолют чемпион атанған тұңғыш боксшы болды.
Жекпе-жектен кейін Кроуфорд орта салмаққа өтуі мүмкін екенін айтты. Ал б ұл салмақта қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) өнер көрсетеді.
"Теренс Кроуфорд үшін түрлі мүмкіндіктер бар. Бірақ менің ішімдегі "дәстүрге берік пурист", оның орта салмаққа түсіп, Жәнібекпен, Адамеспен және Ларамен айқасып, сол жерде де "абсолют" атануға тырысқанын көргім келеді", – деп жазды Стив Ким өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы бірнеше рет орта салмақта барлық титулды біріктіргісі келетінін мәлімдеген. Қазақстандық боксшы қазіргі таңда WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Ал WBC титулы доминикандық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 КО), WBA белбеуі кубалық Эрисланди Ларада (31-3-3, 19 КО). Дегенмен бұл екі боксшы да әзірге Жәнібекпен жұдырықтасуға асығар емес.
Жарнама