Үш жүлде ғана. Кіші әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар тек бесінші болды

©ҚБФ

Бокстан Болгария елінің астанасы Софияда "Странджа" халықаралық турнирі аяқталды. "Кіші әлем чемпионаты" саналатын жарыс биыл 75-ші рет ұйымдастырылды. 

Болгарияға Қазақстан құрамасы сапында 10 боксшымыз аттанған. Оның үшеуі ғана жүлделі орынға ілікті. 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы есепте 5-орыннан көрінді. 

Алтын медальды 67 келіге дейінгі салмақта Дулат Бекбауов жеңіп алып, чемпион атанды. Ол финалда үнді боксшысы Раджаттан айласын асырды. 

Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай финалда үнді боксшысы Амит Пангалға жол берді. Төрешілер бірауыздан қарсыласын айқын жеңімпаз деп таныды. Ол 51 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. 

Қола медальды 80 келіге дейінгі салмақта Тұрсынбай Құлахмет иеленді. Кәсіпқой боксты қатар алып жүрген отандасымыз жартылай финалда Қытайдағы қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқанға жол берді.

Жалпыкомандалық есепте өзбек боксшылары көш бастады. Олар 5 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль еншілеп қайтты. Үндістан 2 алтын, 2 күміс, 2 қола алса, болгарлар 1 алтын, 4 күміс жеңіп алды. Украина құрамасы да 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен Қазақстан құрамасынан алға озды. 

Биылғы "Странджа" турниріне 28 елден 178 боксшы қатысты. 

Айта кетейік, "Странджа" турниріне Қазақстанның екінші нөмірлі боксшылары барды. Ал ел спартакиадасында топ жарғандар Италиядағы лицензиялық турнирде бақ сынайды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport