Орта салмақта WBO титулына міндетті үміткер атағы үшін өтетін британдық Дензел Бентли (21-3-1, 17 KO) мен венесуэлалық Эндри Сааведра (17-1-1, 14 KO) арасындағы жекпе-жектің егжей-тегжейі белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) бұл элиминатор айқасты сәуір айында мақұлдаған болатын. Жеңімпаз қазіргі әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) кездесуге мүмкіндік алады. Британиялық боксшының тарабы қарсыласымен келісімге келе алмағанын растады - енді жекпе-жек промоутерлік сауда арқылы анықталады. Ең төменгі бастапқы баға - 200 мың доллар.
"Біз тек промоутерлік сауданың басталуын күтіп отырмыз. Бұл аптада өтеді деп сенеміз. Бұл жекпе-жек міндетті түрде промоутерлік сауда арқылы шешіледі", — деді Дензел Бентлидің жаттықтырушысы Мартин Бауэрс BoxingScene басылымына берген сұхбатында.
Маманның айтуынша, Бентли үшін бұл кездесу ерекше маңызға ие - ол Жәнібек Әлімханұлымен қарымта айқасқа құлшынып отыр:
"Ол Жәнібекпен қайта жұдырықтасқысы келеді. Бірақ Жәнібек бастапқыда Карлос Адамеспен кездесуі тиіс болған. Алайда біздің білуімізше, Адамес жекпе-жектен бас тартты. Енді қалай болатынын көреміз", – деді Бауэрс.
Еске салайық, Бентли мен Әлімханұлы 2022 жылдың қарашасында кездескен. Ол кезде қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Дензел Бентли - орта салмақта Ұлыбританияның үш дүркін чемпионы. Сонымен қаар, британия біріншілігінің белбеуіне, WBO International және Еуропа чемпионы атақтарына ие.
Ал Эндри Сааведра - 34 жастағы венесуэлалық боксшы. Ол биыл сәуір айында Аустралияда өткен жекпе-жекте даниялық боксшы Миккель Нильсенді мерзімінен бұрын жеңген еді.