IBO, WBF, WIBF және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас (14-1, 7 КО) өзі туып-өскен Таразда титулды жекпе-жек өткізетінін құлақтандырды, деп жазады Vesti.kz.
Чилилік боксшы Даниэла Асенхомен (17-4, 2 КО) жекпе-жек 1 маусымда өтеді.
"1 маусымда менің туған қалам Таразда әлем чемпионы титулыма қорғау өткізетінімді қуана хабарлаймын!
Менің қарсыласым - Чили боксшысы Даниэла Асенхо. Бұл менің өмірімде және карьерамдағы ең маңызды жекпе-жектің бірі.
Мен және менің командам осы жекпе-жекті Таразда өткізу үшін барлық күшімізді салдық - бұл мен туып өскен және әрдайым менің үйім болып қалады.
Тараз тарихында алғаш рет халықаралық үлкен бокс кеші және әлем чемпионы атағы үшін айқас өтеді! Мен - Қазақстан тарихында өзінің туған жерінде әлем чемпионы титулын қорғайтын алғашқы әйел боксшымын!"
Бұл айқаста Халықарадық бокс ұйымының (IBO) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Еске салайық, Ангелина Лукас 31 қаңтардан 21 ақпанға дейінгі аралықта үш жекпе-жек өткізіп, әрқайсысында жеңіске жеткен болатын. Ангелинаның сөзінше, осындай тығыз кесте оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге мүмкіндік береді.