Бокс
Бүгін 10:17

Төрешінің жаны ашып кетті. Қазақ боксшының АЧ-дегі айқасы екінші раундта тоқтатылды

©Kazakhstan Boxing Federation

Қазақстандық боксшы Хамза Мақсатұлы Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы 2026 жылғы Азия чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.

75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық боксшы 1/8 финалда Сингапур боксшысы Абдул Ғаффар Нур Мұхаммад Матпен қолғап түйістірді.

Хамза Мақсатұлы жекпе-жектің алғашқы минуттарынан-ақ басымдықты өз қолына алып, қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірді. Нәтижесінде төреші екінші раундта кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатты да, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті..

19 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы 3 шілдеде басталған Азия чемпионаты 16 шілдеде аяқталады.

Құрлық біріншілігінде Қазақстан намысын ерлер мен әйелдер арасындағы екі жас санатында жалпы саны 39 боксшы қорғауда.

Бұған дейін U19 санатында Бибарыс Әшірбай (70 кг), Ақжүрек Қалабай (65 кг), Едіге Нұрғожа (55 кг), Досжан Жұмқан (60 кг) және Әділ Асканбай (50 кг) ширек финалға жолдама алған болатын.

Ал 23 жасқа дейінгі санатта Асылхан Қошербай (65 кг) мен Нұрасыл Төлебек (60 кг) 1/8 финалдан сәтті өтіп, Азия чемпионатының жүлдесі үшін күресті жалғастырып жатыр.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport