Бокстан жастар мен жасөспірімдер құрамасы жуырда БАӘ өткен Азия чемпионатында қыздар мен жігіттерді қоса алғанда жалпы командалық есепте көш бастағаны белгілі. Ұлттық құрама спортшыларының арасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дана Дидай сары құрлықта кезекті рет жүлдеге қол созды. Отандасымыз 2019 жылы Дубайдағы Азия біріншілігінде алтын алса, бұл жолы күміс медальді қанағат тұтты.
"Азия чемпионатында екі жекпе-жек өткіздім. Алғашқы кездесуімде жергілікті спортшымен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Финалдық айқаста үндістандық қарсыласыммен алтынға таластық. Өз басым жақсы өнер көрсеттім деп есептеймін. Алайда төрешілердің әділетсіз шешімі салдарынан күміс алып қалдым. Енді жыл соңына қарай ішкі біріншілікте әйелдер арасында Қазақстан чемпионатына қатысамын. Менің салмағымда Надежда Рябец бар. Бұйырса Рябецті жеңіп, кейін 2024 жылы Париж Олимпиадасына барамыз. Келесі Олимпиадада Қазақстанның көк туын көкке желбірететін жастар шығады деп ойлаймын. Алла қаласа мен де сол жарысқа дайындаламын", - дейді боксшы Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, Дана Дидай әр жылдары Қазақстан чемпионатын төрт рет жеңген. Сонымен қатар биыл Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.