Қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде ширек финалда жеңіліс тапты, деп хабарлайды Vesti.kz.
51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Балқыбекова Үндістан боксшысы Минакши Минакшимен қолғап түйістірді.
Раундтар қорытындысы бойынша есеп 0:5, 1:4 және 0:5 болып, үндістандық боксшының пайдасына шешілді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан 5:0 есебімен Минакшиге берді.
Балқыбекованың қарсыласы 2025 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері және 2025 жылы Нью-Делиде өткен Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы саналады.
Осылайша, Минакши кем дегенде қола медальді өзіне қамтамасыз етсе, Алуа Балқыбекова жарысты жүлдесіз аяқтады.
Айта кетейік, Алуа Балқыбекова Азия чемпионатында екі мәрте топ жарған (2021 және 2022 жылдар). Сондай-ақ, ол әлем чемпионаттарында 2022 жылы күміс, 2023 жылы қола және 2025 жылы екі алтын жеңіп алған.
Бұған дейін Әлем кубогының ширек финалында Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) және Виктория Графеева (60 келі) жеңіске жеткен болатын. Ал Лаура Есенгелді (70 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі) және Алуа Балқыбекова (51 келі) жарысты осы кезеңде аяқтады.
Жарнама