Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Ұлан-Батырда өткен бокстан Азия чемпионатының алтынын жеңіп ала алмады, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда Сабырхан Иордания боксшысы Зейяд Ишаишке қарсы айқаста фаворит саналды және жекпе-жекті сәтті бастады.
Алғашқы раунд Төреханның пайдасына 4:1 есебімен аяқталды. Екінші үш минуттықта қарсыласы бастаманы өз қолына алып, есепті теңестірді – 1:4.
Шешуші болған соңғы раундта төрешілер бірауыздан иорданиялық боксшыға басымдық берді. Нәтижесінде жекпе-жек қарсыластың пайдасына төрешілердің бірауыздан шыққан шешімімен (0:5) аяқталды.