Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты-2026 турниріндегі алғашқы қарсыласы туралы ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Мен Ён Су Киммен алғаш рет кездескелі отырмын. Біз бапкерімізбен бірге оны зерттедік — ол көптеген боксшылармен жұдырықтасқан. Бойшаң әрі үнемі алға ұмтылады. Мұндай қарсыластарды біз бұған дейін Ливерпульде және Таиландта көргенбіз. Бұйырса, Нұржан ағай мен Ілияс ағайдың нұсқауларын орындап, жақсы нәтиже көрсетеміз", - деп береді Төреханның сөзін Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Төрехан Азия чемпионатындағы жарысын 3 сәуір күні бастайды. Оның қарсыласы Оңтүстік Корея өкілі Ён Су Ким болады.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы — бұл құрлықтық бокс тарихындағы бірегей жетістік. Сонымен қатар, ол Қазақстан жастар құрамасының ең жарқын өкілдерінің бірі саналады.
2025 жылдың қыркүйегінде ол World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып, халықаралық деңгейдегі жоғары шеберлігін дәлелдеді.
Сондай-ақ, 2025 жылдың сәуір айында кәсіпқойда карьерасын сәтті бастап, чехиялық Иржи Хаукені үшінші раундта нокаутпен жеңген болатын.