Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан кезекті жеңісіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келідегі 1/8 финал кезеңінде ол голландиялық Финн Роберт Боспен жұдырықтасты.
Бірінші раунд төрешілер шешімі бойынша қарсыластың пайдасына аяқталды – 4:1. Дегенмен, екінші үш минуттықта Төрехан дәл сондай есеппен есесін қайтарды – 4:1.
Шешуші үшінші раундта барлық төреші басымдықты Қазақстан боксшысына берді. Осылайша, Төрехан Сабырхан жарыстың ширек финалына жолдама алды.
Айта кетейік, 1/16 финалда Төрехан Алжирлік Юсеф Ислам Яишпен кездесіп, тартысты өткен жекпе-жекте де жеңіске жеткен болатын. Ол кезде алғашқы екі раундта есеп 3:2 және 1:4 болып, қазақстандық боксшы соңғы раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсіріп, айқын басымдықпен жеңді.
Еске салайық, Сабырхан жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы. Бұл көрсеткіш оны құрлықтық бокстың тарихындағы бірегей спортшы етеді. Сонымен қатар, 2025 жылдың сәуір айында ол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін де сәтті өткізді.
Айта кету керек, бұл әлем чемпионаты World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп жатыр. Жарыс 14 қыркүйекке дейін жалғасады.