Белгілі бокс менеджері Зия Алиев Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында орта салмақта WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) неге ірі жекпе-жектерге қол жеткізе алмай жүргенін түсіндірді.
Жуырда ғана 32 жастағы қазақстандық боксшы WBC чемпионы Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) қараша айында титулдар біріктіретін жекпе-жегін өткізгісі келетінін мәлімдеген болатын. Алайда доминикандық боксшы келіссөздерге қатысудан жалтарып жүр.
Қазақ боксшылары Иван Дычко (15-0, 14 KO) мен Данияр Елеусіновпен (13-0, 8 KO) жұмыс істейтін менеджер Зия Алиев бұл жағдайды былай түсіндіреді:Менеджердің айтуынша, чемпиондық белбеулердің өзі Жәнібекті қарсыластары үшін тартымды ете алмай отыр:"Мұнда бәрі промоушенге байланысты. Top Rank туралы жаман айтқым келмейді – бұл мықты компания. Бірақ неге Жәнібекке мүмкіндік берілмейді? Жауап қарапайым: ешбір боксшы тәуекелге барғысы келмейді. Қатер жоғары, ал пайда аз. Барлығы үлкен табыс әкелетін жекпе-жектерге ұмтылады. Бұрын мұндайды негізінен тәжірибелі боксшылар жасайтын болса, қазір бұл жас боксшыларарасында да қалыптасқан үрдіс", – деді Алиев.
"Адамеске де Түрки Аль аш-Шейх жақсы қаржы ұсынды. Бірақ ол да танымал есім іздеп жүр. Өйткені жұлдызды боксшыдан жеңілу – қалыпты жағдай. Ал танымал емес, үлкен табыс әкелмейтін чемпионнан ұтылу – мүлде басқа тәуекел.
Сондықтан басты сұрақ – Top Rank Жәнібекке көп қаржы салып, мықты боксшыларды онымен кездесуге мәжбүрлеуге мүдделі ме? Қазірше бұл тиімсіз сияқты", – деді Алиев.
Айта кетейік, Әлімханұлы – Адамес жекпе-жегі 22 қарашада Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін "Чемпиондар түні" аясында ұйымдастырылуы керек болған. Бұл шоуға жеке өзі Түрки Аль аш-Шейх жетекшілік еткен. Алайда Адамес келіссөздерді үзгені белгілі болды.
Бұған дейін орта салмақта жұдырықтасатын британиялық боксшысы Дензел Бентли (21-3-1, 17 KO) Жәнібек Әлімханұлын айқасқа шақырған болатын.