"Тоқтатпаңдар, соңғы раунд...". Қазақстандық Әшкеев карьерасында алғаш рет жеңілді

18 желтоқсан 2020 14:34
Сурет: instagram.com/madiyar.ashkeyev.official/

Қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев америкалық Чарльз Конуэлден жеңілді,- деп хабарлайды Vesti.kz.

Бұл кездесу Лос-Анджелестегі Wild Card Boxing аренасында өткен бокс кешінің басты оқиғасы болды. Жекпе-жекте бірінші орта салмақтағы USNBC және USBA титулдары сарапқа салынды. Біріншісі қазақ боксшыға, екіншісі қарсыласына тиесілі еді. 

Осы айқасқа дейін қарсыластардың ешқайсысы жеңіліс көрмеген болатын. 32 жастағы Әшкеев 14 жекпе-жегінің барлығында жеңген, оның жетеуін нокаутпен. Ал 23 жастағы Конуэлл 13 кездесуінің бәрінде басым болып, он қарсыласын сұлатып аяқтаған еді.

Жекпе-жек он раундқа есептелген болатын. Әшкеев көп соққы өткізіп, америкалықтың басым екені байқалды. Кездесу соңына таман қазақ боксшының командасы айқасты тоқтатуға шақырды. Мадияр "соңғы раунд қалғанын", ары қарай жұдырықтасқысы келетінін айтты. Дегенмен, төреші де кездесуді аяқтау керегін айтты. Осылайша, тоғызыншы раундтан кейін жекпе-жек тоқтатылды. Әшкеев карьерасында алғаш рет жеңіліп отыр.