Орта салмақта WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) допинг-тестінің екінші сынамасы жағымсыз нәтиже көрсетсе, чемпиондық титулдарынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы боксшының менеджері Берік Сұлтан мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлімханұлының ағзасынан тыйым салынған заттардың табылғаны 2 желтоқсанда белгілі болды. Берік Сұлтанның айтуынша, бұл нәтиже олардың барлығы үшін күтпеген жағдай болған, себебі бастапқы талдаулар таза шыққан. Осыған байланысты менеджер қалыптасқан жағдайды нақтылап түсіндіруді жөн көрген.
Еске салайық, 6 желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен титул біріктіретін айқас өткізуі тиіс еді.
Алайда бұл жекпе-жек өтпей қалды. Әлімханұлы допинг-бақылаудан өте алмай, бокс кешінің кардынан шығарылды.
Соған қарамастан, Эрисланди Лара рингке шығып, қазақстандықтың орнына венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасты. Нәтижесінде Лара төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетіп, чемпиондық титулын қорғады.
Қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша ішкі тергеу жалғасуда. Ақырғы шешім 8 қаңтарда, В сынамасы ашылғаннан кейін белгілі болады.
Жарнама