Бокстан әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы, америкалық Теренс Кроуфорд кәсіпқой карьерасын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшысы (pound-for-pound) Instagram парақшасында ринг арқандарына ілінген қолғаптардың суретін жариялады.
"Дәлелдейтін ештеңесі қалмаған ұлы боксшы ретінде кетіп барамын", - деп жазды 38 жастағы Кроуфорд.
Сондай-ақ, Теренс YouTube арнасында бейнежазба жариялап, бокстағы жолы туралы айтып, жеңіліссіз өткен карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді.
"Әрбір боксшы бір күні осындай сәттің келетінін біледі, бірақ, оның қашан болатынын ешқашан дөп басып айта алмайды. Мен өмір бойы бір нәрсенің артынан қудым. Белбеулердің, ақшаның немесе атақтардың емес. Бар әлем саған күмәнмен қараса да, сен қайта-қайта рингке шығып, олардың қателескенін дәлелдеп отыруды көздедім.
Бұл спорт маған бәрін берді. Мен отбасым үшін жұдырықтастым. Туып-өскен қалам үшін жұдырықтастым. Бір кездері арманы мен бір жұп қолғаптан басқа ештеңесі жоқ бала үшін жұдырықтастым.
Мұны өзіме тән жолмен жасадым. Әр демім осы спортқа арналды. Мен жарыстан кетіп барамын. Жекпе-жектен шаршағаным үшін емес, басқа бір шайқаста жеңіске жеткендіктен - оған өз шарттарыммен барасың. Бұл қоштасу емес, бұл бір жекпе-жектің бітіп, екіншісінің басталуы", - деді Теренс Кроуфорд спортта дәлеледейтін ештеңе қалмағанын меңзеп.
Кроуфорд мұрасы туралы сөз қозғап, боксқа алғыс білдірді.
"Мен бұл спортқа бар болмысымды арнадым. Ең мықтылармен жұдырықтастым, салмақ дәрежелерін бағындырдым және тарихты өз шарттарыммен жаздым. 42–0. Әлемнің үш дүркін абсолют чемпионы. Бес салмақ дәрежесінде әлем чемпионы. Қысқа жолдар болған жоқ. Ақталу да болған емес.
Бұл бокспен қоштасу емес… бұл - алғыс. Осы жолдың әрбір кезеңінде менімен бірге болған отбасымa, командамa, қаламa және жанкүйерлеріме рахмет. Мені бүгінгі адам етіп қалыптастырғаны үшін спорттың өзіне алғыс айтамын.
Қолғап шешілді, бірақ мұра - мәңгі. Тарих ешқашан зейнетке шықпайды".
Жарнама