Қазақстандық боксшы Серік Теміржанов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңіндегі екінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында ол АҚШ боксшысы Салим Эллис Беймен қолғап түйістірді. 19 жастағы америкалық боксшы Бразилияда өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңінің және "Странджа кубогы-2026" турнирінің күміс жүлдегері.
Үш раундқа созылған тартысты кездесу қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан америкалық спортшыға берді - 5:0.
Осылайша, Салим Эллис Бей ширек финалға жолдама алса, Серік Теміржанов жарысты аяқтады.
Айта кетейік, жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық боксшы келесі кезеңде Өзбекстанның Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковпен кездесуі мүмкін еді, Халоков ширек финалға жолдама алды.
Бүгін Қазақстан құрамасынан тағы екі боксшы шаршы алаңға шығады.
Еске салсақ, Серік Теміржанов 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.