Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Венгрияның Дебрецен қаласында Иштван Бочкай құрметіне өткен халықаралық турнирде құрама қоржынына алтын салды, деп хабарлайды Vesti.kz.
92 келі салмақтың финалында қазақ боксшы англиялық Патрик Браунмен жұдырықтасу керек болған. Бірақ қарсылас шешуші жекпе-жекке шықпады.
Бұған дейін Дулат Бекбауовтың қарсыласы да финалдық айқасқа шықпай қойған еді.
Айта кетейік, финалға шыққан алты боксшымыз да алтын иеленіп отыр, бұған дейін Қазақстан құрамасы сапынан Теміртас Жүсіпов (48 келі), Серік Теміржанов (57), Саматәлі Төлтаев (60), Дулат Бекбауов (67) және Аятулла Такежанов (75) алтыннан алқа тағынған болатын.