Бұл күндері өзбек елінің астанасы Ташкентте бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Кей елдер байкот жариялап келмей қалмағаны болмаса, кіл мықтылар шаршы алаңда бабы мен бағын қатар сынауда. Бұл қатарда қазақ боксшылары да бар.
Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын ұлттық құрама сапында 13 боксшымыз жүлде үшін жұдырықтасады. Бұдан бөлек өзге ел атынан қатысып жатқан тегі қазақ боксшылар да бар. Бүгін солар жайлы айта кетсек.
Қытай Халық Республикасы
80 келі – Таңатхан Тоқтарбек (Tanglatihan Tuohetaerbieke)
+ 92 келі – Данабек Байғазы (Danabieke Bayikewuzi)
Қытайда тұратын қандастарымыз көп-ақ. Халықаралық жарыстарда жиі жолымыз да түйісіп тұрады. Ташкенттегі әлем чемпионатына көрші елдің құрамасы сапында екі қазақ боксшы келген. Таңатқан Тоқтарбек алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Ол Армения өкілі Хамбардзум Акопянды жеңді. 26 жастағы боксшы Токиода (Жапония) өткен 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Өз салмағында ҚХР чемпионы атағына ие.
Данабек Байғазы да бірінші кездесуінде жеңіске жетті. Ол бірінші айналымда хорват боксшысынан айласын асырды. Келесі қарсыласы – армян Давид Чалоян. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Бахрейн
51 келі - Азат Махметов (Azat Makhmetov)
Азат Махметов қазақ жерінде дүниеге келген. Бахрейн еліне қоныс аударып, 2 жылдан бері сол ел құрамасы сапында жұдырықтасып жүр. Азия чемпионатында жолы болмаған еді, әлем чемпионатының да жеребесі оңай түспеді. 4 мамырда Италия елінің боксшысы Алессио Камиолоны жеңсе ары қарай кубалық Эрислан Ромеро Рейес және өзбек Хасанбой Дусматовтар қарсылас атанады.
Өзбекстан
63,5 келі - Руслан Абдуллаев (Ruslan Abdullaev)
Өзбекстан құрамасы сапында Руслан Абдуллаев бар. Ол әлем чемпионатында алтын жүлдеге үміткерлердің бірі. 3 жыл бұрын Руслан атақонысқа оралып, Шымкент қаласы атынан жастар арасындағы Қазақстан Чемпионатына қатысқан. Жарыс кезінде сырқаттанып қалғанына қарамастан жартылай финалға дейін жетіп, тартысты кездесуде Сабырхан Аққалықовқа жеңілген. 2021 жылы Өзбекстанға оралып, ел чемпионатында топ жарып, олардың бірінші нөмірлі боксшысы атанды. Былтырғы құрлықтық чемпионатта алғашқы кездесуде біздің Санатәлі Төлтаевтан 4:1 есебімен басым түсіп, қалған жекпе-жектердің бәрін айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. 1/8 финалда биыл Санатәлі екеуі қайта кездесуі бек мүмкін.
Моңғолия
92 келі - Бекнұр Қали (Byeknur Khali)
Моңғолия құрамасы сапында Бекнұр Қали есімді қазақ боксшы келген. Алайда алғашқы жекпе-жегіне шыққан жоқ.
Өзге ел құрамасын жаттықтырып жүрген қазақ мамандары да бар. Мәселен, Марокко құрамасын Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерік Алғабек дайындап келеді. Сербия жігіттерін Болат Ниязымбетов жаттықтырады. Биылғы әлем чемпионатында жүлдеден үмітті шәкірттері де бар.
Сондай-ақ Моңғолия (Қайнар Қайсанай), Түркменстан (Теңелбек Жұмақұлов) және Түркия (Ерғали Бекмұрзаев) құрамаларын жаттықтырушылар қатарында да тегі қазақ қандастар бар.