Олимпиада чемпионы және кәсіпқойда IBO титулын иеленген Данияр Елеусінов орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz сайты Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Елеусіновтің айтуынша, Жәнібекке қатысты бұл жағдайдың бірнеше себебі болуы мүмкін - команда ішіндегі бақылаудың жеткіліксіздігінен бастап, қарсыластар тарапынан жасалған арандатуға дейін.
"Мен қасында болған жоқпын, сондықтан нақты не болғанын айта алмаймын. Өзім де допинг-бақылаудан өткенмін. Әдетте тексеру келісімшартқа байланысты жүргізіледі: мысалы, менде тек жекпе-жек алдында ғана болды, ал Жәнібекке оқу-жаттығу жиыны кезінде де тексеріс жасалған. Оның айтуынша, алғашқы бақылау таза болған, ал екіншісінде қандай да бір қалдықтар табылған.
Мельдоний - негізінен ТМД елдерінің спортшылары кеңінен қолданатын дәрмек. Жақын араласатын жігіттер сөйлескен, Жәнібек ештеңе қабылдамағанын айтады. Әрине, кез келген адам солай дер еді. Бірақ мен оны еш айыптай алмаймын: мен үшін ештеңе дәлелденген жоқ, өйткені Жәнібек бөтеннің аумағында жүр", - деді Данияр Елеусінов.
"Біреу әдейі бірдеңе қосып жіберуі де мүмкін. Сол себепті қалай тамақтанатыныңа да мұқият болу керек, тек өзіңнің тамағыңды жеу қажет. Тіпті қонақүйдің мейрамханасына да баруға болмайды", - деп түйіндеді Елеусінов.