Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының ширек финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
65 келіге дейінгі салмақтағы1/8 финалда ол ринг қожайыны Патрис Мугалзаймен жұдырықтасты.
Алғашқы раунд ағылшын спортшысының пайдасына аяқталды - 4:1. Алайда екінші үш минуттықта Ертуған басымдық танытып, дәл сондай есеппен басым түсті (4:1).
Шешуші үшінші раундта қазақстандық боксшы толық үстемдік көрсетті - 5:0. Нәтижесінде кездесу Ертуған Зейнуллиновтің жеңісімен аяқталды.
Ширек финалда ол енді Финляндия боксшысы Исмаил Умар мен өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаев арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, бұған дейін 1/16 финалда Ертуған Зейнуллинов Франция боксшысы Уго Грауға қарсы өткізген кездесуде де камбэк жасап, жеңіске жеткен болатын.