Сауд Арабиясының суперинвесторы Турки Әл аш-Шейх бокс жанкүйерлерін бей-жай қалдырмайтын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Vesti.kz сайты vRINGe порталына сілтеме жасап.
Турки Әл аш-Шейх DAZN стриминг платформасының басшыларымен кездескеннен кейін үлкен қадамға барғандарын айтты - енді барлық бокс кештері (Riyadh Season және The Ring ивенттері) тегін көрсетілетін болады.
Бұл жаңалықпен ол әлеуметтік желі арқылы бөлісті. Оның айтуынша, ақылы трансляция (PPV) жүйесінен бас тарту 22 қарашада Эр-Риядта өтетін Давид Бенавидес пен Энтони Ярд арасындағы жекпе-жектен басталады.
"DAZN компаниясының бас директоры Шеймен тамаша кездесу өткіздік. Бокстың болашағына қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Біз PPV-ден мүлде бас тартуға шешім қабылдадық. Қараша айындағы кардтан бастап, барлық DAZN жазылушылары үшін Riyadh Season мен The Ring ивенттері тегін көрсетіледі. PPV-модель бокстың дамуына кері әсер етті. Енді оны қолдамаймыз. Біз жанкүйерлермен біргеміз", – деді Әл аш-Шейх.
Айта кетейік, бастапқыда DAZN платформасы бокс кештерін PPV-сіз өткізуді жоспарлаған. Алайда 2022 жылы бұл жоспар өзгеріп, ақылы көрсетілімдер қайта енгізілген еді.
Александр Усик пен Даниэль Дюбуа арасындағы жекпе-жек DAZN арнасындағы екі соңғы ақылы ивенттердің бірі болмақ. Ең соңғысы - тамыз айында өтетін Мозес Итаума мен Диллан Уайт арасындағы жекпе-жек.
Жарнама