"Сұмдық раунд". Еуропалық матчмейкер қарсыласын бірінші раундта сұлатқан қазақстандық нокаутшыға таңданды

  instagram.com/kossobutskiy
Супер ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жан Кособуцкийдің (12-0, 11 КО) Германияда өткен титулды жекпе-жегіндегі жеңісі барлық көреременді таңдандырды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында бокс кешінің матчмейкері Флавио Ольяга Мирабаль айтты.

Бұл шоуды ұйымдастырған UNIVERSUM BOX-PROMOTION промоутерлік компаниясы менеджерінің сөзінше, жекпе-жекте қазақстандықтың қарсыласының басымдығы бар деп есептелген.

Қарсыласын бірініші раундта сұлатқан қазақстандық нокаутшы әлемдік рейтингте шарықтады

Өткен демалыс Германияның Гамбург қаласында қазақстандық боксшы IBO Inter-continental белбеуі үшін хорватиялық Агрон Смакичимен (15-1, 13 КО) жұдырықтасты. Он раундқа есептелген жекпе-жек біріншісінде аяқталды - Кособуцкий қарсыласын ауыр нокаутқа түсірді.

"Жан жекпе-жек басынан Смакичиді қысымға алды. Хорватиялық ауыр соққы өткізіп алды да, нокдауннан есін жия алмады. Жан осы сәтті пайдаланып, жекпе-жекті аяқтады. Бұл сұмдық раунд еді. Кездесу алдында мүмкіндіктер тең болған, бірақ, Кособуцкий жұртты таңдандырып, керемет жеңіске жетті. Бұл жерде бірнеше фактор шешуші болды деген ойдамын. Ешкім мұндайды күткен жоқ, өйткені мұндай ерте нокаутттар сирек болады. Жанды жеңісімен құттықтаймын. Оны тамаша актив деп есептеймін. Кособуцкий - кез келген андеркарттың сәнін келтіретін тартымды боксшы", - дейді Мирабаль.