Бокс
19 мамыр 2025 14:37

"Соңғы айқасы болады". Промоутер Канело кімнен жеңілетінін айтты

©instagram.com/canelo

Matchroom Boxing компаниясын басқаратын атақты промоутер Эдди Хирн мексикалық жұлдыз Сауль Канело Альварестің кубалық Вильям Скуллды жеңгеннен кейінгі болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Хирннің айтуынша, Канело қыркүйек айында америкалық Теренс Кроуфордқа қарсы жекпе-жекте суперорта салмақтағы абсолют чемпион атағынан айырылуы мүмкін.

Промоутер Скуллмен болған жекпе-жекте Канелоның нашарлап кеткенін атап өтті:

"Жекпе-жекте Саульдің жасының келгені мен шаршағаны айқын сезілді. Ол әлі де ұлы боксшы — тек жеткен жетістіктері арқасында ғана емес, сонымен қатар, жаттығу лагерлерін жасауға табатын мотивациясы үшін де. Бірақ меніңше, бұл құлшыныстың өзі де біртіндеп бәсеңдеп барады. Бұл боксқа деген махаббаттың жоғалуы емес — бұл жас ерекшелігі мен өмір салтының әсері. Дегенмен, Кроуфордпен болатын айқас үшін ол өз-өзін қайрап шығады деп сенемін, себебі жеңіл салмақтағы қарсыласқа жеңілгісі келмейді. Екеуі де карьерасының соңғы кезеңіне жақындап қалды", — деп береді Хирннің сөзін vRINGe.com.


Сондай-ақ, ол Канело Кроуфордпен жекпе-жекке ең алдымен қаржылық себеппен келіскенін айтты:

"Меніңше, ол бұл жекпе-жекті қаламаған, бірақ, ортада тым көп ақша тұр. Бұл оның соңғы айқасы болытнға ұқсайды. Кроуфордтан кейін кім қалады? Бенавидес суперорта салмаққа оралмайтын сияқты, Канело да жас әрі қуатты қарсыласқа жеңілгісі келмейді. Бұл жерде тек ақша ғана емес, намыс жібермейді", — деп түйіндеді Хирн.


Еске салайық, Канело 63 жеңіске (39 нокаут) жеткен және екі жеңіліп, екі мәрте тең түскен. Ал Теренс Кроуфорд 41 жеңіске (31 нокаут) жетіп, әлі күнге дейін жеңілмей келеді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport