"Соққысы ауыр". Жеңілмеген қазақ боксшы "Зымыран" лақап атты келесі қарсыласынан сескенеді

19 желтоқсан 2019 10:08
Сурет: Vesti.kz©, Тұрар Қазанғапов
Супер орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (12-0, 8 КО) келесі қарсыласынан сескенеді. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында ол жекпе-жектегі басты мақсатын айтты.

Ербосынұлы келесі жекпе-жегін 21 желтоқсан Красноярсктегі бокс кешінде өткізеді. Қарсылас 29 жастағы венесуэлалық "Зымыран" лақап атты Омар Гарсия (15-2, 12 КО). Он раундты жекпе-жекте қазақ боксшының WBO Global, WBC Asia және WBA International белбеулері сарапқа салынады.

"Жаттығу лагерім сәтті өтті. Келесі жекпе-жегіме тамаша күйде шығамын. Қарсыласым осал жігіт емес. Тәжірибелі латынамерикалық, соққысы да ауыр. Барынша жақсы жұдырықтасып, жеңіске жетуім керек. Бұл оңай бомайды, бастысы жоспарды ұстанып, жекпе-жек барысын бақылауда ұстау", - дейді Ербосынұлы. 

"Мықтылармен жұдырықтасып келем". WBA рейтингінде шарықтаған қазақ боксшы абсолют чемпион атанбақ ниетте

27 жастағы Айдос соңғы рет 14 тамыз Сиднейде жұдырықтасып, аустралиялық Рокки Джеркичті (17-2, 13 КО) төрешілердің шешімімен жеңген. Осылайша, Ербосынұлы WBA Inter-Continental, WBO Global және WBC Asia аймақтық белбеулерін қорғап қалған. Осы жеңісі арқылы ол WBА Топ-3 рейтингіне кірген болатын.