Ресейлік Иса Чаниев (15-3, 7 КО) Алматыдағы бокс кешінде нокаутпен жеңіске жетті. Vesti.kz тілшісі бұл кездесуге бапкерсіз дайындалған боксшыдан сұхбат алды.
Еске салайық, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен бокс кешінің кардында ресейлік боксшы ұпай санымен жеңіліп жатып, қазақстандық Нұртас Әжбеновті (11-1, 4 КО) үшінші раундта нокаутқа түсірген еді.
- Иса, қазақ жеріндегі қадамыңыз сәтті басталды. Турнир жайлы не айтасыз?
- Депортация кезінде он мыңдаған шешен мен ингуш халқы Қазақстанды паналаған болатын. Осы орайда соңғы нанын бөліскен қазақ халқына алғысымды айтқым келеді. Алматыда жекпе-жек өткізуді бұрыннан армандап едім. Енді міне, арманыма жетіп отырмын. Жоғары деңгейде жарысты өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Шынымды айтсам, мұндай шоуды тек Америка мен Еуропада көргенмін.
- Жекпе-жекке қандай баға бересіз?
- Қарсыласым мықты екен. Соққылары жойқын болды. Бірінші раундта нокдаунға түсірді. Алайда бұл жекпе-жек мен үшін сәтті аяқталды. Бұл айқаста бәрін бір соққы шешіп кетті. Нұртасқа сәттілік тілеймін. Ол әлі кәсіпқой бокста биік белестерді бағындырады деп ойлаймын.
- Кейінгі ақпараттарға сүйенсек, Алматыдағы бокс кешіне бапкерсіз дайындалыпсыз.
- Бұрыннан бері бапкерсіз жаттығып келгенмін. Дегенмен күн сайын бабыңды байқап жүретін бапкерің болмаса қиын екен. Қарсыласың белгілі болғаннан бастап зерттеу жұмыстары басталады. Оның стилімен танысу, алдын ала жоспар құру керек дегендей. Міне, осындай кезде жаттықтырушының рөлі зор. Бұдан былай бүгін секундантым болған бапкермен бірлесіп жұмыс істейміз деп шештік.
- Әдетте тау халықтары арасында жекелеген спорттардан күрес, аралас жекпе-жек түрлері кеңінен танымал. Таңдауыңыз не себептен боксқа түсті?
- Расымен алғашында әкем дзюдоға алып келген. Бастапқы 7 жылда біраз жетістікке жеткем. Алайда 14 жасымда Костя Дзю, Майк Тайсондардың жекпе-жектерін көріп жүріп аңсарым боксқа ауды. Осылайша бірте-бірте кәсіпқой боксшы болдым.