"Шыңға таяп келеді". Америкалық маман Әлімханұлының жеңісін сараптап берді

Cурет: https://www.instagram.com/janibek_alimkhanuly/

Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (10-0, 6 КО) америкалық Роб Брантты  (26-3, 18 КО) жеңуі, оның орта салмақтағы осал ойыншы емесін дәлелдеді. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне Fightmag.com сайтының журналисі Франко Луччи айтып берді. Сарапшы қазақстандықтың соңғы жекпе-жегін сараптап, оның өзге боксшылардан артықшылықтары туралы сөз етті. 

Естеріңізге сала кетейік, жекпе-жек 27-маусымда Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өтіп, Әлімханұлының мерзімінен бұрынғы жеңісімен аяқталған еді. Алтыншы раундта Брант нокдаунға түсіп, сегізінші раундта америкалық боксшының командасы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан болатын. 

"Роб жеңу үшін келген еді, алайда, Жәнібек басым болды. Ол - күннен-күнге жақсарып келе жатқан жоғары деңгейдегі боксшы. Күші бар, дене бітімі бар, оның үстіне Әлімханұлы солақай. Мұның бәрі кез келген деңгейдегі қарсыласқа ыңғайсыз.

Брант қазақстандықты састырғысы келді, бірақ, оның жоспары іске аспады. Жәнібек оны түсініп, қарсыластан ойын жүргізу құқын алып қойды. Біртіндеп Әлімханұлы күш ала бастады және жеңіске кім жететіні белгілі болды. Бранттың командасы жекпе-жекті жалғастырмады, бұл нокдауннан кейін - дұрыс шешім болды. 

Әлімханұлының болашағы өте керемет көрінеді. Ол - орта салмақтағы орны бар ойыншы. Ол дамып, өз шыңына таяп келеді. Меніңше, чемпиондыққа талас тек уақыттың еншісіндегі ғана дүние", - деді Луччи.

Айта кетейік, Жәнібек қазір АҚШ-та азырақ дем алып, бірнеше аптадан кейін жаттығу жұмыстарына қайта кірісуді жоспарлап отыр. 

Жаңалықтар