Бүгін, 18 қарашада Алматыда Қазақстан бокс федерациясы Сербияда өткен әлем чемпионатына қатысқан спортшылар мен бапкерлерді ақшалай сыйлықпен марапаттады, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Салтанатты іс-шарада бокс федерациясы алтын алған теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосыновқа 70 000 АҚШ долларының сертификатын табыстаса, күміс медаль иегерлері Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов 50 000 АҚШ доллар және қола жүлдегер құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов 30 000 АҚШ доллар сыйақы алды. Сонымен қатар, әр спортшының жеке бапкерлері мен жалпы командадағы барлық қызметкер ақшалай сыйлық алды.
Ал Токио Олимпиадасында 52 келіге дейінгілер арасында қола медаль алған Сәкен Бибосынов биылғы жылды қорытындылап, болашақта әлі де болса биік белестерді бағындыратынын айтты.
- Сәкен, биыл Токио мен Белградтағы жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсеттіңіз. 2021 жылды қорытындыласаңыз...
- Олимпиаданың алдында бас бапкер (Ред. Ғалымбек Кенжебаев) тарапынан маған деген сенімі болмады. Дегенмен, өзімнің жеке жаттықтырушыммен жоспар қойып, тыңғылықты дайындалдым. Лицензия ұтып алған соң Олимпиадада өзімнің күш жігерімді көрсеткім келді. Токио төрінде еліміздің әнұранын шырқатқым келді. Өкінішке қарай, сәттілік жолдас болмады. Қола медальмен шектелдік. Бірақ оған мойынсұнбай, жаттығуымызды ары қарай жалғастырдық. Әлем чемпионатына барып, бес кездесудің барлығында жеңіске жеттім. Сербиядағы халықаралық турнирдегі барлық қарсыласым мықты болды. Сол жарыста еліміздің әнұранын шырқатып, көк туымызды желбіреткеніме Құдайға сансыз шүкіршілік етемін. Бұл жеңістерім – үлкен белестердің бастамасы деп білемін. Бұйырса алар асуым алда деп ойлаймын. Алдағы байрақты бәсекелерде қазақ халқын қуанту үшін бар күшімді салатын боламын. Бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтамын.
- Белград төріндегі алғашқы айқаста Хасанбой Дусматовты жеңген соң сізде сенімділік арта түсті ме?
- Соқыр жеребе деп жатамыз ғой. Олимпиада ойындарының чемпионымен бірінші кездесуде шықтым. Біз оның соңғы екі жылда кәсіпқой бокста жүрген соң әуесқой рингке шықпай жүргенін білдік. Сондықтан, басымдық біз жақта болды. Ол жекпе-жекте мен дистанция ұстап жұдырықтастым. Бапкерлермен ақылдасып қойған жоспарымызды толықтай орындадым. Одан кейін бірте-бірте қарсыластарым қиындай түсті.
- Бокс мамандары Олимпиадаға барған былғары қолғап шебері артынша басқа халықаралық турнирге қатысса жоғары нәтиже көрсете алмайды деп жатады. Себебі физикалық, психологиялық тұрғыда спортшыға ауыр болады дейді. Сіз Токио ойындарынан кейін бірден әлем чемпионатына бардыңыз...
- Күншығыс елінен келген соң екі апта демалдым. Бірақ шаршы алаңды сағындым. Жарыс көргім келді. Содан соң бапкеріме әлем біріншілігіне қатысайын, Токио төрінде алған қоламды алтынға алмастырайын дедім.