Қазақстандық боксшы Махмұт Сабырхан Ташкентте өтіп жатқан әлем біріншілігінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz. 54 келі салмақтағы ширек финалда Махмұт ганалық Мохаммед Амадты жеңді.
Жұдырықтасу стилінің ұқсатстығына байланысты әйгілі Ломаченкоға теңеліп жүрген қазақ боксшы жекпе-жектен кейін пікір білдірді.
"Асалаумағалейкум қазақ елі. Бүгін Гана боксшысын жеңіп, жартылай финалға жолдама алдым. Бүгінгі қарсыласымды өз стилімде, бар күшіммен айқасқанда мерзімінен бұрын жеңуге болатын еді. Кешегі қарсылас мықты болды, арасында қабағымды жарып алдым. Соған байланысты бапкерлер қабағыңа соққы тигізбей ұпайыңды түгенде деген соң, абайлап жұдырықтастық. Үш раунд әдемі өткіздім деп ойлаймын, шаршаған да жоқпын. Ертең демалыс, арғы күні жекпе-жек, оған дейін мына қабақты емдеп сол айқасқа дайындаламыз", - дейді боксшы.