Британиялық белгілі бокс сарапшысы Мэтт Робинсон Ұлан-Батырда World Boxing ұйымының қолдауымен өткен бокстан Азия чемпионаты финалында фаворит саналған қазақстандық Төрехан Сабырханның жеңілуніе қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
70 келіге дейінгі салмақтағы финалда Сабырхан иорданиялық Зейяд Ишаиштен төрешілер шешімімен жеңілді. Бұл жеңіліс қазақстандық боксшы үшін ересектер арасындағы алғашқы сәтсіздік болды. Айта кетейік, 2025 жылы ол World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған еді.
Сарапшының пікірінше, бұл нәтиже күтпеген жағдай емес, керісінше бұрыннан байқалып жүрген мәселелердің көрінісі.
"Төрехан Сабырханның Зейяд Ишаиштен жеңілуі сенсация емес, керісінше бұрыннан белгілі нәрсенің дәлелі сияқты.
Соңғы бір жыл бойы мен оны Жүсіпов, Колденков және Ишаиш секілді қарсыластармен айқаста көргім келетінін айтып келдім. Бұл хайп үшін емес, дәл осындай жекпе-жектер боксшының шынайы деңгейін көрсетеді. Бұл кездесу сондай сынақ болды және бәрін айқын көрсетті", – деді Робинсон.
Сонымен қатар, сарапшы қазақстандық боксшының талантын мойындай отырып, оның әлсіз тұстарын да атап өтті.
"Төреханның таланты айқын, бірақ бұрыннан келе жатқан мәселелер әлі де бар. Ол жекпе-жекті толық бақылауда ұстап тұрған сәттердің өзінде қажетсіз тәуекелге барады: позициясын беріп қояды, қажетсіз алмасуға түседі немесе басымдығын жүйелі түрде арттырудың орнына көрерменге ойнауға тырысады.
Ишаиш сияқты қолайсыз, қысым жасайтын және сабырлы қарсыласқа қарсы мұндай қателіктер қымбатқа түседі. Ол сенен тәртіпті талап етеді, ал сен оны жоғалтсаң, ол жекпе-жекті өз пайдасына шешеді.
Төрехан – әлі де өте мықты боксшы. Ол әлемдік элитаға қарай жолын жалғастыратыны сөзсіз. Мұның бәрі ересектер деңгейіне бейімделу мен тәжірибе жинаудың бір бөлігі. Дегенмен дәл осындай жекпе-жектер қай тұста өзгеріс қажет екенін көрсетеді", – деп қорытындылады Робинсон.