Екінші орта салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альварес келесі жекпе-жектегі қарсыласын таңдауға жақын, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Канелоның" рингке оралуы 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтеді деп күтілуде. BoxingScene мәліметінше, оның қарсыласы WBC нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, франциялық Кристиан Мбилли болуы мүмкін.
Дереккөз ақпараты бойынша, Мбилли үміткерлер тізімінде бар, бірақ нақты шешім әлі қабылданбаған. Қарсылас кім болса да, ол мансабындағы ең ірі гонорарды алатыны айтылуда. Сондай-ақ, Альварестің нақты таңдау жасауына тағы бірнеше апта кетуі мүмкін екені атап өтілді.
Сауль Альварес алдымен алдағы титулдық жекпе-жектердің нәтижесін күтпек. Атап айтқанда, WBA чемпионы Хосе Ресендис Хайме Мунгиямен кездессе, ал бос тұрған WBO белбеуі үшін Хамза Шираз пен Алем Бегич өзара жұдырықтасады.
Сонымен қатар, мүмкін қарсыластардың бірі ретінде америкалық, орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Джермалл Чарло да қарастырылып отыр. Дегенмен, соңғы шешімді Сауль Альварестің өзі қабылдайды.