BoxingNews24 беделді порталының сарапшылары орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) болашағына қатысты өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сарапшылардың пайымдауынша, жеңіліп көрмеген боксшы орта салмақтағы (160 фунт) титулдарынан бас тартып, екінші орта дивизионға (168 фунт) ауысуы қажет. Бұл салмақта әлемнің абсолют чемпион мексикалық Сауль Канело Альварес (63-2-2, 39 KO) екені белгілі.
IBF және WBO белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы WBC чемпионы Карлос Адамеспен титул біріктіретін жекпе-жек өткізгісі келетінін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Алайда сан мәрте жолданған ашық шақыруларға қарамастан, қарсыласы тарапынан нақты жауап болған жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, Әлімханұлының бұл мәселедегі табандылығы кері әсерін тигізіп жатыр. Ол басқа баламасы қалмағандай, үмітсіз күйде көрінеді. Адаместі қуалай беру - текке уақыт жоғалту деп санайды мамандар.
Егер ол орта салмақта қала берсе, карьерасындағы ең мықты жылдарын танымалдығы аз қарсыластарға қарсы өткізіп алатын қауіп бар, дейді портал. Ал 168 фунт салмақ дәрежесінде оны шын мәніндегі үлкен жекпе-жектер мен атақ-даңқ күтіп тұр екен.