Сарапшы Исламның рингке оралуын Головкиннің жекпе-жегіне теңеді

Қанат Ислам. Сурет: zhusan.kz/Жеңіс Ысқабай
Британиялық кәсіпқой бокс сарапшысы Ли Кормли Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында жеңілмеген қазақстандық Қанат Исламның (25-0, 20 КО) қарсыласына баға берді.

Жекпе-жек 5 шілдеде Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Исламның қарсыласы доминиканалық Жулио Де Жесус болады. Боксшылар WBO Inter-Continental белбеуін сарапқа салады.

"Ислам екі жылдай жұдырықтаспады, өзін жекпе-жекте қалай сезінері белгісіз. Командасы неге ең ыңғайлы қарсыласты таңдағаны түсінікті. Бір жыл рингке шықпаған және жеңіл салмақта жұдырықтасқан доминиканалық боксшы қауіпті бола алмайды. Бір жағынан бұл жалпылай қолданылатын тәсіл. DAZN-дегі дебютіне Стив Роллсты таңдаған Геннадий Головкиннің командасы да солай істеген. 

Меніңше, Ислам созып жүрмей, өзінің қарқыны мен ырғағын табуға тырысады. Жекпе-жектің орта тұсында нокаут күтемін. Доминиканалықта ешқандай мүмкіндік жоқ деген ойдамын", - дейді Кормли.