Bild шолушысы Ральф Шмидт Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық Жан Кособуцкий (19-1, 18 КО) мен нигериялық Эфе Аджагба (18-1, 14 KO) жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді.
27 тамыз Талсада өткен айқаста бірнеше тыйым салынған соққы үшін қазақстандық боксшыны жекпе-жектен шеттеді. Осылайша, Жанның АҚШ-тағы дебюті сәтсіз болды. Ол карьерасында алғаш рет жеңіліп, WBC Silver белбеуінен айырылып қалды.
"Жекпе-жекке шақырылған боксшы белгілі бір қиындықтарға тап болады. Бұл жолы Кособуцкийді үлкен сын күтіп тұрған еді. Жекпе-жекті көріп шықсаңыз, төреші Аджагбаның бір-екі лас әрекетіне көз жұмды. Бұл қазақстандықтың ашуына тиді де, ол кек ала бастады. Егер ол концентрациясын сақтай алғанда, рингте өз дегенін жүргізе алар еді. Оған салқынқандылық жетіспеді деп ойлаймын. Жан өзі де бәрін түсініп отыр. Дегенмен оның болашағы зор деп ойлаймын. Біз оны әлі үлкен айқастарда көре аламыз", - дейді Шмидт.