Бокс
Бүгін 12:12

Санжар Тәшкенбай финалда өзбек боксшыны ненің арқасында жеңгенін айтты

©instagram.com/boxingkazakhstan

Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing ұйымының Әлем кубогындағы өнеріне қорытынды жасап, финалдық жекпе-жектегі қарсыласы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz Аслан Қаженовке сілтеме жасап.

"Аллаға шүкір, чемпион болдық. Оңай болған жоқ, қарсыластарды білдік. Сондықтан екі жаттығу жиыны алдын сол қарсыластарға дайындалдым. Финалда осы өзбек боксшымен шығатынымызды сездік. Соған тыңғылықты дайыдалдық. Ол тәжірибелі боксшы, Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері, екеуміз де жылдамбыз, ол да, мен де солақай. Бұл жерде тактика жағы менде дұрыс болды деп ойлаймын. Бапкердің қойған тактикасын ұстанғанымның арқасында жеңіске жеттік", - дейді Санжар. 

Еске салайық, турнирдің финалында Тәшкенбай Өзбекстан өкілі Асильбек Жалиловты жеңіп, алтын иеленген болатын.

Жалпы, Қазақстан құрамасы Әлем кубогының осы кезеңінде сегіз жүлде иеленді.

Алтын медальдарды Санжар Тәшкенбайдан бөлек Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг) және Абылайхан Жүсіпов (70 кг) жеңіп алды.

Ал қола жүлделерді әйелдер құрамасының өкілдері Аида Әбікеева (65 кг), Валерия Аксенова (80 кг) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) еншіледі.

Осы нәтижемен Қазақстан құрамасы турнирді бес алтын және үш қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте екінші болды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport