Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (12-0, 10 КО) келесі кездесуіне дайындықты қараша айының ортасында бастайды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне дереккөз айтты.
Бізге жеткен ақпарат бойынша, қазақстандық былғары қолғап шебері алдағы айқасына Канада жерінде дайындалады. Жаттығу барысында жарақаттың алдын алу үшін физикалық дайындыққа көп көңіл бөлінеді.
Еске салайық, бұған дейін боксшының өзі келесі кездесуі желтоқсан айында өтетінін мәлімдеді. Жекпе-жек Eye of the Tiger Managment промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын бокс кешінің андеркардында болады.
Бұл Ахмедовтің қаңтар айынан бергі бірінші жекпе-жегі болады. Отандасымыз соңғы кездесуін нидерландылық Стивен Даньоға (18-4-3, 7 КО) қарсы өткізіп, NABF, WBC Francophone және WBA Continental белбеулерін жеңіп алған еді.
Содан соң Ахмедов шілде айында шаршы алаңға оралуы тиіс еді. Бірақ ол кезде боксшы жарақат алып қалды.
Жалпы Ахмедов кәсіпқой боксқа 2018 жылы ауысты. Сол уақыттан бері отандасымыз 12 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.