Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери мәлімдеді.
Әлімханұлы неге WBO титулынан бас тартты?
Оливьеридің айтуынша, Әлімханұлы енді екінші орта салмаққа ауысады. Ал оның чемпиондық белбеуі уақытша чемпион атанған ұлыбританиялық Дензел Бентлиге (22-3-1, 18 KO) беріледі.
"Жәнібек Әлімханұлы маған өзінің жоғары салмаққа өтетінін хабарлады. Енді ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Ал Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне ие болды", – деді Оливьери The Ring басылымына берген сұхбатында.
Бентлиді енді не күтіп тұр?
Жақын арада WBO Дензел Бентлидің міндетті қарсыласын анықтайды. Ең ықтимал үміткер – кубалық Йонли Эрнандес (10-0, 9 KO).
Алайда ұйым әзірге Бентлидің бірден міндетті қорғауын өткізуі тиіс пе, әлде келесі қарсыласын өзі таңдауға мүмкіндік ала ма, соны нақтылаған жоқ.
"Біз бұл мәселені талқылауды жалғастырамыз. Бентлиге не ерікті түрде титулын қорғауға рұқсат беріледі, не Эрнандеспен жұдырықтасуға міндеттеледі. Соңғы шешім кейінірек жарияланады", – деді WBO президенті.
Допинг дауы және чемпиондық белбеулер
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған еді. Ал 2025 жылдың соңында қазақстандық боксшы WBA чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен титул біріктіретін жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Алайда Жәнібектің сынамасынан допинг анықталып, кездесу өтпей қалды.
Кейіннен IBF қазақстандықты чемпиондық белбеуінен айырып, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетті. Ал WBO бір жылдық дисквалификация тағайындағанымен, чемпиондық атағын сақтап қалған еді.
Енді Әлімханұлының өзі WBO белбеуінен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуін 2022 жылдың мамыр айынан бері иеленіп келді және осы уақыт аралығында титулын төрт рет сәтті қорғады.
Жарнама