Бокс
11 наурыз 2022 19:18

Ресейлік боксшы "Канелоның" алдағы айқасына болжамын айтты

©RingSide24

Ресейлік кәсіпқой боксшы Алексей Евченко (20-16, 8 КО) Сауль Альварестің алдағы қарсыласы Дмитрий Бивол, сонымен қатар, Геннадий Головкин арасындағы жекпе-жектеріне қатысты болжамын Vesti.kz тілшісіне айтып білдірді.

- Алексей, мамыр айының алғашқы аптасында АҚШ-та Сауль Альварес пен Дмитрий Бивол жұдырықтасады. Бұл айқастан не күтесіз?

- Дмитрий Биволдың техникалық әлеуеті жақсы. Ол шаршы алаңда көп қимылдайды. Қарсыласының әрбір қадамын аңдып басады. Ал "Канело" болса көп шабуылдайтын боксшылардың қатарынан. Бұл жекпе-жектің нәтижесі Биволдың дайындығына байланысты болады. Егер Дмитрий мексикалықтың алғашқы раундтардағы қарқынына төтеп беріп, қарымта соққыларын жасаса жеңіске жетуі керек. Менің ойымша, қазіргі таңда ресейлік боксшының командасы осы нәрселерге көп мән беріп жатқан секілді.

- Бокс әлемінде Головкин мен Альварес жекпе-жегінің трилогиясы болуы мүмкін деп айтылып жүр. Тіпті қос тарап үшінші айқасты өткізуге қарсы еместігін жеткізді...

- Головкин мен "Канело" айқасы болмауы да мүмкін. Альварес ринг төріне жиі шығып жүр. Ал Гена болса соңғы рет бірер жыл бұрын сынға түсті. Екеуі кездескеннің өзінде біраздан бері жекпе-жек өткізбей жүрген қазақстандық былғары қолғап шеберіне қиын болары сөзсіз.

Еске салайық, 7 мамыр Лас-Вегаста (АҚШ) екінші орта дивизионда абсолют чемпион мексикалық Сауль Альварес пен жартылай ауыр салмақта WBA чемпионы ресейлік Дмитрий Бивол қолғап түйістіреді.

Ал IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) болса, 9 сәуір күншығыс елінде жергілікті WBA "суперчемпионы" Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жұдырықтасады.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport