Қазақстандық журналист Асылан Қаженов Софияда (Болгария) өткен "Странджа кубогі" – 2026 халықаралық турнирінде өзбек боксшыларының жартылай финалда қазақстандықтарға қарсы шықпауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бейресми түрде кіші әлем чемпионаты аталып кеткен турнирде 70 келіге дейінгі салмақта Фарух Токтасынов Шавкотжан Болтаевпен жұдырықтасуы тиіс еді. Ал 50 келіде Даниял Сәбитке Асылбек Жалилов қарсылас атанған. Алайда өзбекстандық спортшылар рингке шығудан бас тартты. Ресми себеп — жарақат.
Дегенмен, журналистің пікірінше, бұл ешқандай "сыйлық" емес.
"Болгария астанасы София қаласында бокстан халықаралық турнирде Даниял Сәбит пен Фарух Тоқтасыновтың өзбекстандық қарсыластары шықпай қалды. Ресми себебі - жарақат. Ал, бейресми оны әдейі жасалған қадам, яғни, өзбек бапкерлерінің сыйы деген алып-қашпа әңгіме бар.
Менің ойымша, ешқандай сыйлық емес. Расымен, жігіттерді сақтаудың амалы. Өйткені, Асылбек Жалиловты да, Шавкотжан Болтаевты да алдағы Азия чемпионатына шығаратын сияқты. Ал, бізде бұл салмақтағы қатысушылар басқа. Сондықтан, бостан-босқа төбелестірмеу туралы шешім қабылданды.
Жалпы бұл жердегі мақсат - бәрімен кездесіп, бәрін жеңе беру емес. Халықаралық турнирде балалардың шама-шарқын байқап, тәжіриби жинауға мүмкіндік беру. Барлық елдің бапкерлері осыны көздейді. Ал, негізгі жарыс наурызда өтетін Азия чемпионаты мен қыркүйекте өтетін Азия ойындары. Сол жерде ешкім шегінбейді, ешкім бас тартпайды. Сәйкесінше, нағыз мықтылар анықталады. Бәріне сәттілік!", - деп жазды Каженов әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, "Странджа кубогі" – 2026 турнирі Болгария астанасы Софияда өтті.
Жарнама