Өзбекстан құрамасы бокстан өткен әлем чемпионатын екінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды Vesti.kz порталы Upl.uz сайтына сілтеме жасап.
4–14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласындағы M&S Bank Arena кешенінде өткен жарыста жалпыкомандалық есептегі көшбасшылық үшін күрес шешуші кезеңге дейін жалғасты. Бұл жерде басты рөлді алтын жүлделердің саны ойнады.
"Өзбекстан құрамасының қоржынында 11 жүлде бар — бұл турнирдегі жалпы жүлде саны бойынша ең жоғары көрсеткіш. Алайда Қазақстан құрамасы бір алтын жүлдемен алға озып, көш бастады", – деп жазады Upl.uz.
World Boxing ұйымының қамқорлығымен алғаш рет өткен әлем чемпионатына 68 елден келген 540 спортшы қатысты. Он күнге созылған тартысты бәсекеде өзбекстандық боксшылар 6 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлде жеңіп алды. Ал Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен жарысты топ жарды. Үздік үштікке Үндістан құрамасы да енді.
Жалпы есепте екінші орын алғанымен, ерлер құрамасы бойынша Өзбекстан әлемнің ең үздік командасы атанды. Олардың 6 алтын жүлдесінің барлығы ерлер арасындағы салмақ дәрежелерінде жеңіп алынды.
Екінші мәрте әлем чемпионы атағына ие болғандар:
Абдумалик Халоков (60 кг дейін)
Асадхужа Муйдинхужаев (65 кг дейін)
Жаңа әлем чемпиондары:
Фазлиддин Эркинбоев (75 кг дейін)
Жавохир Умматалиев (80 кг дейін)
Акмалжон Исроилов (85 кг дейін)
Турабек Хабибуллаев (92 кг дейін).
Жарыстың тағдыры соңғы күні шешілді. Суперауыр салмақтағы финалда қазақстандық Айбек Оралбай өзбекстандық Жахонгир Зокировты жеңіп, ел қоржынына жетінші алтын жүлдені салды. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасының жалпы есепте Өзбекстаннан озып, бірінші орын алуына мүмкіндік берді.
Әйелдер арасындағы турнирлік сеткада да қазақстандық спортшылар басымдық танытып, жалпыкомандалық есепте үздік нәтиже көрсетті.
Өзбекстан құрамасының қалған жүлдегерлері:
Күміс жүлде: Навбахор Хамидова (65 кг дейін), Жахонгир Зокиров (+92 кг)
Қола жүлде: Сабина Бобокулова (48 кг дейін), Феруза Казакова (51 кг дейін), Азиза Зокирова (75 кг дейін).