Өзбекстан бокс федерациясы Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңінің финалында қазақстандық Санжар Тәшкенбайдан жеңілген Асильбек Жалиловтың өнеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Федерацияның ресми мәлімдемесінде өзбекстандық боксшының финалдағы жекпе-жегі жоғары бағаланған.
"50 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшымыз Асильбек Жалилов та Әлем кубогының финалында шаршы алаңға шықты. Шешуші кездесуде ол қазақстандық Санжар Тәшкенбаймен қолғап түйістірді. Өте тартысты өткен жекпе-жекте Жалилов 2:3 есебімен жеңіліп, күміс ждүлдемен шектелді", – делінген хабарламада.
Осылайша, Санжар Тәшкенбай Әлем кубогының екінші кезеңінде алтын жеңіп алды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Гуйяндағы турнирді сегіз жүлдемен аяқтады. Ұлттық құрама бес алтын және үш қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Ал Өзбекстан құрамасы төрт алтын, үш күміс және төрт қола жеңіп алып, жүлделік есепте үшінші орынға жайғасты.
Жарнама