Өзбекстанның Yuz.uz басылымының журналисі Абылай Камалов Дубайда (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ұйымдастыруымен өткен 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатындағы төрелікті қатаң сынға алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Автордың ерекше наразылығын Өзбекстанның Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковтың ресейлік Всеволод Шумковтан жеңілуі туғызды.
"Абдумалик Халоков (-60 кг) ресейлік Всеволод Шумковқа төрешілердің бөлек шешімімен (3:4) есе жіберді. Есепке назар аударыңыздар. Ереже бойынша жекпе-жекті бес бүйір төреші бағалайды, тіпті пікірлер екіге бөлінген жағдайда да жеңімпаз анықталуы керек. Ал бұл жерде біздің Олимпиада чемпионымыз бен екі дүркін әлем чемпионының жеңілуін “ақтау” үшін тағы екі төреші тартылды. Цирк", - деп жазды журналист.
Сондай-ақ, ол 1/8 финалда қазақстандық боксшы Ерасыл Жәкпеков пен ресейлік Джамбулат Бижамов арасындағы даулы, кейбіреулердің пікірінше тіпті жанжалды шешімге назар аударды. Бұл нәтиже турнирлік кестенің әрі қарайғы тағдырына тікелей әсер еткен.
Аталған жекпе-жекте Жәкпеков үшінші раундта қарсыласын нокдаунға түсіргенімен, төрешілер жеңісті Бижамовқа берді. Кейін ол финалда өзбекстандық Жавохир Умматалиевті жеңіп, әлем чемпионы атанды.
"Жавохир Умматалиев (-80 кг) ресейлік Джамбулат Бижамовтан төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңілді. Дәл сол Бижамов, оны төрешілер Ерасыл Жәкпековпен жекпе-жекте “сүйреп” алып шықты. Түсініктеме жоқ. Ал Умматалиев пен Жәкпеков арасында өте әдемі финал өтуі әбден мүмкін еді", - деп қосты Камалов.
Журналист ауыр салмақтағы жекпе-жектерді де назардан тыс қалдырмады:
"Одан кейін алдын ала жазылған сценарий бойынша Турабек Хабибуллаев (-92 кг) ресейлік Муслим Гаджимагомедовтан, ал Арман Маханов (+92 кг) тағы бір ресейлік Давид Суровтан жеңілді деп жарияланды. Айтар сөз жоқ", - деп түйіндеді ол.
Қоса кетейік, IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионатының жүлделік есебінде Ресей құрамасы жеңіске жетті - 7 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль. Қазақстан 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен екінші орын алса, Өзбекстан 2 алтын, 4 күміс және 3 қоламен үздік үштікті түйіндеді.
Жарнама