Өзбекстан бокс федерациясы 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Лазизбек Муллажоновқа қатысты тараған ақпараттарға байланысты үнсіздікті бұзды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ұйым 2024 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионына қатысты тарап жатқан түрлі қауесеттерге нақты түсініктеме беруді жөн санады.
"Лазизбек Муллажоновқа қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға байланысты ресми түрде мәлімдейміз:
"Лазизбек Муллажонов – Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі және Париж-2024 Олимпиада ойындарының жеңімпазы.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде спортшыда допинг анықталып, соның салдарынан оның Олимпиададағы алтыны қайтарылып алынуы мүмкін деген расталмаған ақпараттар тарауда.
Өзбекстан бокс федерациясы хабарлайды: қазіргі уақытта Муллажонов кәсіби мансабын жалғастырып жатыр. Біздің спортшымыз әрқашан допингке қарсы ережелерді қатаң сақтап келеді, және оның бұған дейін тапсырған барлық сынамалары теріс нәтиже көрсеткен.
Алайда биылғы 11 маусымда Халықаралық допингке қарсы ережелерге сәйкес спортшыдан допинг-сынамасы алынған болатын. Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) кейбір тыйым салынған заттардың болуы мүмкін екенін хабарлады.
Оған себеп - 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейін, 19 қараша күні спортшы Ферғана қаласындағы жеке клиникада шаш егу операциясын жасатқан. Осы төрт кезеңнен тұратын ота мен кейінгі ем-дом барысында құрамында тыйым салынған заттар бар дәрі-дәрмектер қолданылуы мүмкін.
Өзбекстан бокс федерациясы мен Лазизбек Муллажонов бұл мәселеге байланысты ITA-ға барлық қажетті құжаттарды ұсынды және қазіргі уақытта ресми шешімді күтуде.
Ресми түрде мәлімдейміз: әлеуметтік желілерде тараған, Олимпиада-2024 алтын медалінен айырылуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және бұл жағдай спортшының Олимпиададағы нәтижесіне әсер етпейді.
БАҚ өкілдерінен, расталмаған ақпаратты Өзбекстан бокс федерациясы мен Лазизбек Муллажоновтың ресми растауынсыз таратпауын сұраймыз", - делінген мәлімдемеде.
Жарнама