Өзбек нокаутшымен жұдырықтасу керек болған Сергей Ковалев екінші рет допинг тесттен өте алмады

Сурет: AllBoxing.ru

Жартылай ауыр салмақтағы ресейлік боксшы Сергей Ковалев (34-4-1, 29 КО) синтетикалық тестестеронға екінші тесттен өтпей қалды,- деп хабарлайды Boxingscene.com.

Бұл жолғы сараптама материалы спортшы бірінші тесттен өтпей қалған уақыттан сегіз күн өте алынды. "Крашер" 30 қаңтар Американың Индио қаласына жоспарланған бокс кешінде өзбекстандық Бектемир Меликузиевпен (6-0, 5 КО) жұдырықтасу керек болатын. Алайда ресейлік боксшы бірінші тесттен өтпей қалған кезде-ақ бұл айқас белгісіз уақытқа шегерілді.

Бастапқыда Меликузиевпен жекпе-жек Мәскеуде өтеді деп жоспарланған еді, одан кейін АҚШ-қа ауыстырылды. Енді бұл кездесу мүлде өтпейтін сияқты. 

Еске салайық, Ковалев 2019 жылы қарашада 11-ші раундта мексикалық Сауль "Канело" Альварестен нокаутпен жеңілгеннен кейін рингке шыққан жоқ.