Бокстан Өзбекстан ерлер құрамасы Астанада өтетін Әлем кубогына қатыспайды, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
30 маусым мен 7 шілде аралығында World Boxing ұйымының қолдауымен елордада Әлем кубогының екінші кезеңі өтеді. Аталған турнирге Өзбекстан ерлер құрамасы қатыспайтын болды. Бұл туралы ұлттық құрама бапкері Қайрат Сәтжанов айтты.
«Өзбекстан құрамасы ең басында келеміз деп тізім берген болатын. Артынан бір-екі жұмадан кейін келмейтінін жеткізді. Астанадағы жарысқа Әлем чемпиондары, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, жеңімпаздары, Азия чемпиондары қатысып жатыр. Деңгейі өте жоғары болады деген ойдамын»,- деді бас бапкер.
Айта кетейік, Әлем кубогына 31 елден 300-ден аса спортшы тіркелді.